Қазіргі қоғамда білім беру саласының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру. Себебі білім – адамның кәсіби қалыптасуына жол ашса, тәрбие – оның тұлғалық болмысын айқындайды. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан мектеп қабырғасындағы әрбір іс-шара, әрбір сабақ, әрбір тәрбиелік бағыт – келешекке салынған берік іргетас.

Тәрбие жұмысы – тек жоспарлы шаралар тізбегі емес, ол – оқушының жүрегіне жол таба білу, оның бойындағы жақсы қасиеттерді оятып, дұрыс бағыт-бағдар беру. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан оларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мектебімізде тәрбие жұмысы бірнеше бағытта жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, патриоттық тәрбие, құқықтық сауаттылық, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық тәрбиені дәріптеу басты назарда. Әрбір бағыт оқушылардың жан-жақты дамуына, қоғамда өз орнын таба алуына ықпал етеді.
Қазіргі заманда ақпарат ағынының қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің әсері жасөспірімдерге түрлі ықпал етуде. Осындай кезеңде мектеп пен ата-ананың байланысы бұрынғыдан да маңызды. Бірлескен жұмыс қана оң нәтиже береді. Баланың тәрбиесі – тек мектептің ғана емес, отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар ретінде мен үшін ең басты құндылық – оқушының сенімі мен қауіпсіздігі. Әр бала мектепте өзін еркін сезініп, пікірін ашық айтып, қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Біз тек білім беріп қана қоймай, тұлға қалыптастыруға қызмет етуіміз қажет.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген. Сондықтан әрбір оқушыға сенім артып, оның болашағына жауапкершілікпен қарау – біздің басты ұстанымымыз.
Білім мен тәрбие қатар жүрген жерде ғана ел ертеңі жарқын болмақ. Саналы ұрпақ – тәуелсіз елдің тірегі.
Бағлан АЛТЫНБЕКОВ,
С. Сейфуллин атындағы мектеп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
