Кейде баланың кітап оқымайтынына алаңдап, оны «кітап оқы» деп міндеттей береміз. Алайда кітапты мәжбүрлікпен оқыту – баланың кітапқа деген қызығушылығын емес, керісінше, одан алыстауын қалыптастыруы мүмкін. Ең әуелі балаға кітаптың қажеттілігін сезіндіру керек. Оқушы кітаптан өзіне жауап, қызығушылық, қуаныш немесе ой таба алғанда ғана кітап оның өмірінің бір бөлігіне айналады.

Меніңше, оқушыға кітап оқытудың бірінші жолы – дұрыс кітапты дұрыс оқырманға ұсыну. Әр баланың мінезі, қызығушылығы, таным деңгейі әртүрлі. Бір оқушы тарихи шығармаларды ұнатса, екіншісі фантастикаға, үшіншісі шытырман оқиғаларға, енді бірі өмірбаяндық немесе психологиялық әдебиеттерге қызығуы мүмкін. Сондықтан кітапханашы оқырманның талғамын танып, оған бағыт-бағдар бере білуі қажет.
Кітапханаға келген балаға бірден қалың кітап ұсынып, «осыны оқы» деу міндетті емес. Алдымен оның көзіне түскен кітапты сұрау, қызығушылығын білу, бірнеше кітапты таныстыру, кейіпкері мен оқиғасы туралы қысқаша әңгімелесу – оқуға деген алғашқы қадам болуы мүмкін. Кітапты ұсыну да – өнер.
Маңызды мәселе оқыған кітапты сөйлету. Бала кітап оқыды ма, жоқ па деп тек мазмұнын сұраумен шектелмеу керек. «Саған қай кейіпкер ұнады?», «Егер сен оның орнында болсаң не істер едің?», «Автордың айтқысы келген ойы қандай?», «Оқиғаның соңы басқаша аяқталса қалай болар еді?» деген сұрақтар арқылы баланы ойландыру қажет. Сонда оқушы жай ғана мәтінді оқып қоймайды, кейіпкермен бірге өмір сүріп, оқиғаны саралап, өз көзқарасын қалыптастырады.
Осы жерде айтқым келетіні қазіргі кезде кітап оқуға мемлекет тарапынан да ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мәселесін көтерді. Бұл бастаманың маңызы өте зор деп есептеймін. Өйткені кітап оқитын қоғамның ойлау деңгейі де, білімге деген көзқарасы да өзгеше болады. Зерделі ұлт деген сөзді мен тек көп кітап оқитын адам деп түсінбеймін. Зерделі адам – оқығанын түсінетін, салыстыра алатын, өз пікірін айта білетін, қажет кезде дұрыс шешім қабылдай алатын адам. Осындай қасиеттер бала кезден қалыптасады. Ал оның бір жолы – кітап оқу. Кітап оқу – тек сауатты болу үшін қажет дағды емес. Біз бүгін бір балаға бір кітап оқытсақ, ертең сол кітап бір баланың өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Ал бір баланың көзқарасы өзгерсе, оның болашағы өзгереді. Болашағы білімді, ойы сергек, сөзі салмақты ұрпақ қалыптастырудың бір жолы – баланы кітаппен достастыру.
Сондықтан оқушыға «Кітап оқы!» деп бұйырудан бұрын, «Саған оқитын қандай кітап таба аламыз?» деп сұрайық. Баланы кітапқа күштемей, қызықтырайық. Кітапты міндет емес, қажеттілікке; оқуды тапсырма емес, әдетке; ал кітапхананы жай ғана кітап алатын орын емес, ойланатын, ізденетін, пікір қалыптастыратын рухани кеңістікке айналдырайық дегім келеді.
Айгуль ТЕЛБАЕВА,
Мәншүк Мәметова атындағы
№33 жалпы білім
беретін мектеп КММ-нің кітапханашысы.
