Қазіргі ХХІ ғасыр-ақпараттық технологияның қарқынды дамыған заманы. Ұялы телефон, интернет, жасанды интеллект және әлеуметтік желілер адам өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Дегенмен технология дамыған сайын ана тіліміздің тазалығын сақтау мәселесі де өзекті болып отыр.
Заманауи технологияның пайдасы өте көп. Ол арқылы біз бірнеше секундта қажетті ақпаратты тауып, хат жазып, аударма жасай аламыз. Жасанды интеллект мәтіндік қателерді түзетіп, дұрыс сөзді таңдауға көмектеседі. Онлайн сөздіктер мен арнайы тіл үйрену платформалары сөздік қорымызды байытты, тілдік сауаттылығымызды арттырады.
Алайда технологияның жағымсыз әсері де жоқ емес. Әлеуметтік желілерде жастар сөздерді қысқартып, басқаша сөздерді көп қолданады. Сонымен қатар басқа тілден енген сөздерді орынсыз пайдаланып, ана тілімізді шұбарлайды. Нәтижесінде әдеби тіл нормасы бұзылып, тіл мәдениеті төмендейді. Көп адам ойланбай ЖИ-ге сеніп, өз бетімен жазуды ұмытып барады…
Технология тек құрал ғана. Оны саналы қолданып, тіл тазалығын сақтау әрқайсымыздың борышымыз. Өйткені ұлттың болашағы мен мәдениеті оның тілінде сақталады.
Жанель ЖҰМАХАН,
«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ 7«Ә» сынып оқушысы.
Перуза ТУЛЬТАЕВА,
Жетекшісі.
