Бүгінгі білім алушылар үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу – болашаққа бастар маңызды белес. Бұл кезеңде оқушының тек білімі ғана емес, психологиялық дайындығы, өзіне деген сенімі де үлкен рөл атқарады. Сондықтан ҰБТ-ға дайындық үдерісінде эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыру, қобалжуды жеңу, сенімділікті арттыру аса маңызды.
Кенесары хан атындағы №62 жалпы білім беретін мектепте ҰБТ-ға қатысатын 11-сынып оқушыларына психологиялық қолдау көрсету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, оқушылармен мотивациялық тренингтер, психологиялық жаттығулар, кеңес беру және күйзелісті төмендетуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – оқушылардың өз күшіне сенуіне, дұрыс бағытта ойлауына және сынаққа дайын күйде баруына көмектесу.

Тренинг барысында оқушылар ҰБТ-ның тек сынақ екенін, ал өмірдегі жетістік тек бір емтиханмен өлшенбейтінін түсінді. Сонымен қатар уақытты тиімді пайдалану, дұрыс тыныс алу жаттығулары, жағымды ой қалыптастыру әдістері үйретілді. Мұндай жұмыстар оқушылардың бойындағы үрей мен сенімсіздікті азайтып, жауапкершілік пен табандылықты арттыруға ықпал етті.
ҰБТ – қорқыныш емес, мүмкіндік. Өзіне сенген, мақсат қоя білген және тынымсыз еңбектенген әрбір оқушы жақсы нәтиже көрсете алады. Сондықтан түлектерге айтарымыз: сабыр сақтап, өз біліміңізге сеніңіз, алға қойған мақсатыңыздан таймаңыз. Сенім бар жерде – жеңіс бар.
А. Қосахова,
Кенесары хан атындағы №62 ЖББМ
педагог-психолог.
