Мерекелік концерт – ұстазға деген шексіз құрметтің белгісі
Білім күнімен басталатын қоңырау үнімен бірге мұғалімге деген алғыс пен құрмет ешқашан бәсеңдемек емес. Осы орайда, қазан айының алғашқы аптасында «Қ. Дәрімбаев атындағы № 41 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде аға вожатый У.Кудайбергенова, музыка пән мұғалімі Б. Абдуев мен ҚББП-ның ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне орай «Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем» атты мерекелік концерт өтті.
Іс-шара барысында мектеп ұжымы мен оқушылар ұстаздарға деген шексіз ризашылықтарын ән-жырмен, көркемсөзбен, би мен қойылым арқылы білдірді. Концерттің шымылдығын 11 «Ә» сынып оқушылары М.Мүташпен А.Шәріпбек жүргізген әсерлі құттықтау сөзімен ашты. Артынша сахна төрінде жас өнерпаздар жүрек тебірентерлік әндер мен өлең шумақтарын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында ардагер ұстаздар мен мектеп директоры А.Агайдарова сөз алып, мұғалім мамандығының қоғамдағы маңыздылығына, жас ұрпақ тәрбиелеудегі орнына тоқталып өтті. Сонымен қатар, үздік мұғалімдерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, мерекенің мәні арта түсті.
«Ұстаз – ұлттың тірегі, ұрпақтың жүрегіне жол сілтеуші шамшырағы» дегендей, осындай мазмұнды кештер мұғалім еңбегінің ерендігін дәріптеп, жас буынға үлгі болары сөзсіз.
Мерекелік концерт жылы лебізге толы, ерекше әсермен аяқталды. Бұл кеш – тек қана өнер мерекесі емес, ұстазға деген шынайы құрметтің айғағы болды.
Аға вожатый У.Кудайбергенова
«Қ. Дәрімбаев атындағы № 41 жалпы білім беретін мектеп» кмм
