Ұстазым – ұлы тұлғам!

        Ұстаз – ол қоғамның дамуына негіз болатын тұлға. Ұстаздың еңбегі – теңіздей терең, асқар таудай биік, ұрпаққа жол көрсететін мәңгілік шамшырақ. Бала өсіп жан – жақты танып, оң мен солын енді ажыратып бастаған сәтте мектеп табалдырығын аттайтыны сөзсіз. Сол балаға әріппен қоса әлемді таныстыратын ол оның алғашқы ұстазы болмақ.

      Алғашқы ұстаз – әр адамның жүрегінен ерекше орын алатын тұлға. Ең алғаш қолға қалам ұстатып, оқу мен жазуды үйреткен адам. Білім бұлағымен әр кішкентай шәкіртін сусындатқан, алғаш рет ілім жолының есігін ашып, оқуды үйреткен аса құрметті ұстаз.Сол сияқты менің де алғашқы ұстазым – Ахмедова Жанат Асанбаевна барлық шәкірттеріне ерен еңбегі сіңген ұстазымыз жайлы жазбақпын. Жанат Асанбайқызы бізге көрсеткен мейірімін, берген білімін, тәрбиесін жадымда әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Ұстазымның қолыма қалам ұстатып, жазуды, оқуды, санауды үйреткені үшін алғысым шексіз. Мектеп табалдырығын аттап, қабырғасын сезінгенде қасымда ақылшы, қамқоршы, екінші анамдай болған жан Жанат мұғаліміміз еді. Алғаш рет менің шамшырағымды жаға білген де, көзіме от, жүрегіме сенім орнатқан да  алғашқы ұстазым.Кішкентай ғана қыздың бойындағы бүкіл талантын аша білген ұстазым. Алдына келген әрбір бала бойындағы өзі көрмеген қабілетін көрсете білген. Шәкірттерін мақтап, ерекше көңіл бөліп, ұяң, тартыншақ  оқушыларды жаңа қырынан ашты. Көркем жазуы мен оқу сауаттылығын арттыру мақсатында ұстазымыз әр баланың жан дүниесімен үңіле сырласа отырып реттейтін. Сол өзім тұлға ретінде өзіме үлгі көретін Жанат ұстазымның ізін бастым. Мен ұстаз дегенде көз алдыма сонау бала кездегі Жанат ұстазымның мені еркелетіп мақтаған кездері есіме түседі. Менің педагог саласын таңдауыма өз үлесін қосқан жан десем артық айтпаймын. Ұстазым   Ахмедова Жанат Асанбайқызы 1967жылы 2 сәуірде дүниеге келген. 1988 жылы  Ғани Мұратбаев- атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжін  қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі таңда 38 жылдық еңбек жолы бар. Оның ішінде 12 жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған ұлағатты ұстаз. Ұстазымнан бұл мамандықты не үшін таңдадыңыз деген кезде ол кісі: «Маған баламен жұмыс жасаған ұнайды. Әлі күнге дейін сыныбымды көруге асығып мектепке келемін. Әлі де болса сендер сияқты қоғамға пайдасы мол азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу керекпін» — деген сөзі есімде қалып қойыпты. Осы сөздерді өзіме мотивация санадым менде қазіргі таңда педогог болып жұмыс атқарудамын меніңде қоғамға пайдасы мол жас ұрпақты тәрбиелеу керек екенімді ұқтым.

     Алғашқы ұстаз – баланың өміріндегі ең маңызды адамдардың бірі. Себебі баланың бойындағы барлық жақсы қасиеттер алғашқы ұстаздан бастау алады. «Ұстаз деген  ұлағатты  атауды  естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей  сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзін өзіммен байланыстырғым келіп отыр. Мен алғашқы ұстазымды ойлағанда әлі күнге дейін сол кісінің қасындағы шәкіртіндей сезініп, алғысымды жаудырғым келіп тұрады. Мен өзімнің алғашқы ұстазымды қатты жақсы көремін. Өйткені, ол кісі менің бұлағымның көзін ашты.

     Қазіргі таңда менің де белсенді  ұстаз болуым,алғашқы ұстазымның қажырылы еңбегінің ,шәкірттерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлы көзқарасының нәтижесі.

     Ұстаз-тек білім беруші емес,ол-шәкірт жүрегіне шырақ жаққан тұлға.Сол шырақтың жарығы бүгінде биік белестерден көрініп тұр.

Сарсенбаева Нуржамал,

№64 Мақталы ЖББМ биология пәні қосымша білім беру педагогі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *