Облыс прокуроры М.Тлеубердиевтің «Жас ұрпақ — ел болашағы» атты форумда сөйлеген сөзі

Қымбатты ұстаздар, қадірменді қонақтар!

«Жас ұрпақ — ел болашағы» атты форумға қош келдіңіздер!

Өңірдегі түйткілді сұрақтарды өздеріңізбен талқылап, ортақ нәтижелерге қол жеткізу жақсы үрдіске айналды.

Бала -отбасының бақыты, елдің болашағы. Келешекке белгіленген кемел жоспарда балалар құқығының, олардың қауіпсіздігі мен мүддесінің басты орында тұратыны да сондықтан.

Мемлекет басшысы осы мәселеге үнемі баса назар аударып, алаңдаушылығын білдіре келе: «Балалар суициді – баршамыз үшін қайғы-қасірет. Біз балалардың мұндай қадамға неліктен баратынына ойлануымыз керек. Тұрақты өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру – тәрбиелеу процесі сапасының негізгі өлшемі. Біздің ортақ міндетіміз – берік ерік-жігерлі және өмірлік қиындықтарды жеңе білетін оптимистердің жаңа буынын қалыптастыру. Басқаша болмайды», – деп атап өткен еді.

Расында, балалар суициді жылы жауып қоюға, көңіл бөлмеуге болмайтын күрделі мәселе. Бұл трагедияның артында тек бір отбасының қайғысы емес, жалпы ұлттың болашағына қатысты түйткіл тұр. Бүгінгі форумды ұйымдастыруымыздың да негізгі мақсаты осы бір нәзік, сезімтал тақырыпты жүйелі, терең талдап, талқылай отырып, көпшілікпен бірге келістішешімін табуға, кемшіліктің алдын алудың жолдарын бірігіп іздестіруге бағытталған.

Соңғы жылдары елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі белең алып барады. Түркістан облысындағы суицидке байланысты цифрлар да көңіл көншітпейді.

Бір жыл ішінде қазақы өңірде 75 оқиғаның орын алуы ойландыратын мәселе. Оның ішінде былтыр өмірін қиюға оқталғандар 41-ден 38-ге төмендегенмен, өмірмен қоштасқандардың 34-тен 37-ге өскені үлкен қасірет.

Суицид фактілері бойынша ең көп дерек Сайрам (20), Сарыағаш (7), Жетісай (6), Ордабасы (5), Түлкібас (5) аудандарында  тіркеліп отыр. 

Өмірден ерте қоштасуға қадам жасайтындардың басым бөлігін жасөспірім балалар құраған(ер балалар: аяқталғаны 28; -оқталу-12, қыз балалар: аяқталғаны-9; оқталу-26).

Былтыр суицид жасаған жасөспірімдердің көбісі11 жаспен 17жас аралығындағы балалар.

Бұдан шығатын қорытынды –жасөспірімдер физиологиялық дене бітімі мен мінез-құлқында өзгеріс орын алатын өтпелі кезеңде суицид жасауға бейім болады. Бұл жас аралығын жасөспірімдер үшін қатерлі шақ деп белгілеп, балалардың өзін сақтауға, өмірін қорғауға барынша назар аударуымыз керек.

Бүгінде облыста 1 мыңнан астам білім беру мекемелерінде 550 мыңнан астам оқушы және 43 мыңға жуық студенттер оқып жатыр.

Ұрпақ – ұлттың жалғасы дегендей, бұл сандар жыл санап өсетіндіктен, осы балаларға лайықты тәрбие беріп, саналы азамат болып қалыптасуына барлығымыз күш біріктіріп, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керекпіз.

Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін әр баланың орны бағалы. Сәйкесінше мемлекет үшін мезгілсіз көз жұмған әр бала үлкен қасірет.

Ендеше, үкілеп өсіріп отырған ұл-қызымыз неге өз-өзіне қол жұмсауға баруда? Оларды ерте өмірмен қоштасуға не итермелейді? – деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

— Кәмелетке толмағандардың оқыс шешім қабылдауына ең бірінші кезекте ата-ананың баланың жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерді байқамауы, қиындықтарына бейжай қарауы түрткі болады.

Тағы бір елеулі себеп – мектептегі қысым, ұстаздар мен балалар тарапынан көрсетілетін буллингпен байланысты. Оның үлесі 22 пайызды құрап отыр.

Бұдан бөлек ғаламтор мен әлеуметтік желінің ықпалы, жауапсыз балалық махаббат, қауіпті ойындар мен күмәнді сайттардың әсері, сондай-ақ психологиялық сырқатының асқынуы түрткі болады.

Ер жетіп, есті қадам жасайтын шақта балалардың өз өмірін қиюы сыртқы ықпалдан бұрын, жанұядағы жарасымдылыққа байланысты, осыған орай отбасылық құндылықтарды көтеру, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты, мейірімділік пен қамқорлықты нығайтатын іс-шараларды жиі ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жиі насихаттауымыз керек. Ата-ана да, балалар да бір-бірімен ашық сырласып, жақын сыйласқанда бағынбайтын меже, шешілмейтін мәселе жоқ. Бізге қатігездікті, шиеністі дәріптейтін емес, шаңырақтағы бірлестікке, үндестікке шақыратын «Мерейлі отбасы» сияқты кең ауқымды бағдарламалар көбірек қажет. 

Осы ретте тек толық емес отбасының балалары суицид жасауға бейім деген тұжырым түбегейлі қате. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай, 2025 жылы республика бойынша өз-өзіне қол жұмсаған 432 кәмелетке толмағандардың 62 пайызы қаржылық мүмкіндіктері жақсы отбасыларда өмір сүрген.

Десек те, суицидтің алдын алуда келесі мәселелердің лайықты реттелмеуі қайғылы оқиғалардың орын алуына түрткі болып отыр:

Біріншіден, суицидтік оқиғалар туралы өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасу және олардың себептерін талдау жағы әлі де әлсіз;

Екіншіден, полиция қызметкерлері, білім беру, қорғаншылық пен қамқоршылық және денсаулық сақтау қызметкерлері үшін жедел хабарлау жүйесі дұрыс жолға қойылмаған, бала тәрбиесіне тікелей жауапты құзырлы органдар арасында тығыз байланыс жоқ;

Үшіншіден, білім ордалары рейтингті төмендетпеу, статистиканы бұзбау, беделге нұқсан келтірмеу үшін суицидке байланысты деректерді жасыруға бейім, таразы басына рейтингпен бала өмірін қою ақылға сыймайтын дүние.

Егер дәл осы мәселелер дұрыс шешімін тапса, аймақтағы бірқатар балалар өлімінің алдын алуға әбден болар еді.

Сондай-ақ жасөспірімдердің көп уақытын мектепте өткізетіндіктен, білім ордаларындағы психологиялық ахуалға, мұғалімдердің оқушымен сауатты, сындарлы қарым-қатынас жасауына назар аудару керек. Аталған бағытта тиісті жұмыстардың жоқтығынан, яғни білім беру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін өз деңгейінде атқармауы салдарынан кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсау фактілері тыйылмауда, ал олардың алдын алуға жаңа механизмдер қолдану да ескерілмей келеді. Дұрысы мектептер оқушылар арасындағы оқыс жағдайлар мен кикілжіңдерді жасырып, жабуға емес, мәселелерді ата-ана, оқушы, психолог, құзырлы орган өкілдерімен ашық талқылауға машықтанбаса, жағдай өзгермейді.

Мұндай жағдайға жол бермеу үшін не істеу керек?

1) мектеп басшыларының жауаптылығын арттырып, суицидтің алдын алуға байланысты шараларды тұрақты ұйымдастыруды, орын алған жағдайларды бүкпесіз ашық көрсетуді міндеттеу керек.

2) Мектеп мұғалімдерін жүйкесі әлсіз балаларды бірден танып, олармен сауатты жұмыс істеуге дағдыландыру маңызды.

3) Мектептердегі шынайы ахуалды зерттеп,психологтардың штатын көбейту жән кабинеттерін материалдық-техникалық базасын жаңарту, психолог мамандардың біліктілігін арттыру кезек күттірмейді (білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті көрсететін 1 353 маманның 736 маманы — білімін сырттай оқыған, ал біліктілік санаттары белгіленбегені – 446);

4) Психологтар суицидке бейімдерін анықтауда жаңа, заманауи әдістер мен тәсілдерді меңгергені дұрыс;

Балалар өтпелі кезеңде түрлі психологиялық қысымдарға оңай беріледі. Психологтер жасөспірімдердің ішкі эмоциясы мен көңіл күйін басқаруды үйретіп, олармен ұдайы жақын қарым-қатынаста болуға тиіс. Бұл орайда ұрпақтың күйзеліспен күресу дағдыларын қалыптастырып, көңіл күй интеллектісін дамыту секілді мәселелер назарда болса дейміз.

Оған қосымша оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын ерте анықтау мақсатында жүйелі профилактикалық және мониторингтік жұмыстарды ұйымдастыруды күшейту, Педагог-психологтардың қатысуымен ата-аналар комитеті және қоғам белсенділерін қамтитын бірлескен жұмыс топтарын құру, ата-аналар арасында психологиялық қауіптердің алдын алу, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте байқау мәселелері бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру да қажетті шаралар қатарында болу керек.

5) Сынып жетекшілері балалардың кіммен араласатынын, көңіл-күйіндегі өзгерістерді бақылап отыруы шарт;Прокурорлық тексеру барысындапедагог-психологтардың оқушылармен кездесуіне арнайы сағаттың қарастырылмағаны белгілі болды. Яғни, мектеп оқушыларының психологиялық жағдайын түсінуге уақыт жеткіліксіз. Бұл да жедел шешілуі тиіс мәселе.

6) Оқушылардың бос уақытын пайдалы шараларға арнап, кітап оқуына, үйірмелерге қатысып, курстар оқуына көңіл бөлген орынды. Қолы бос бала қылмысқа да, қатерге де үйір болатыны естен шықпасын.

Өз кезегінде, облыс прокуратурасы осы бағыттарда барлық мүдделі органдармен бірлесе «Қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асырып, әрбір қала/аудандарда жүйелі түрде балалармен кездесу және сұрақтарына жауап беру, оларды ынталандыру, құқықтық сауатын күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Оқушылардың контентін ескеріп, бір мезетте 450 мың оқушыны қамтып, онлайн кездесу өткізіліп, нәтижесінде 6 мыңға жуық сұрақтар берілді, оған мамандар тарапынан сапалы жауаптар берілді.

Бұл дегеніміз балалардың көкейінде көптеген мәселе бар екенін көрсетеді, сондықтан кері байланыс орнату маңызды.

Осы бағытта эксперимент ретінде Түркістан қаласында білім беру ұйымдарының жұмысын бағалаудың жаңа рейтингтік жүйесі енгізілді. «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында іске қосылған бұл тетік ведомствоаралық іс-қимылды сапалық жаңа деңгейге шығарды.

Жобаның негізгі жетістіктеріне тоқталсам:

Біріншіден, мектептердегі профилактикалық жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілуде. Рейтинг жүйесі мәселені жасыруға емес, оны ерте анықтауға негізделген.

Екіншіден, білім беру ұйымдарының құқық қорғау органдарына ұсыныс енгізу белсенділігі артты. Мысалға, мектеп маңындағы дүкендерде жасөспірімдерге зиянды өнімдердің сатылуына тосқауыл қою, оқушылар шоғырланатын аумақтарда патрульдік бақылауды күшейту және т.с.с.

Үшіншіден,әрбір хабарлама бойынша прокуратура мен полиция органдары жедел әрекет етудің тиімді алгоритмін қалыптастырды.

Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетуде. Сондықтан, Түркістан қаласының оң нәтижелерін облыстың барлық өңірлерінде кеңінен енгізудіорынды деп санаймын.

Қадірменді форумға қатысушылар!

Біздің мақсатымыз — әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына кепілдік беру. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қатаң бақылауда болады.

Балалар– қоғамның ең үлкен байлығы Біздің мақсатымыз – әрбір өреннің қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне кепілдік беру. Қоғамда қатігездік емес, мейірім мен өзара қолдау үстемдік құруы тиіс.

Ендеше, айналасынан жылылық пен қолдау күткен әр балаға іштартып, ынталандыра білейік! Сен қоғамға керексің! деген бір ауыз сөздің өзі үлкен өмірге қадам басқан жасөспірім үшін баға жетпес тірек болмақ. Баршаңызды осы жолда жұдырықтай жұмылып, нәтижелі еңбек етуге шақырамын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *