«М. Әуезов атындағы №31 жалпы білім беретін мектеп КММ»-де оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың ой-өрісін кеңейту, білімге құштарлығын қалыптастыру мақсатында «Зерделі ұлт – оқымысты ұлт» тақырыбында танымдық іс-шара өткізілді.

Іс-шараны мектеп кітапханашылары З. Назарбекова мен Б. Құдабаева ұйымдастырып, 4-сынып оқушыларымен мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор кездесу өткізді.
Іс-шара барысында оқушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы ой бөлісіп, өздері оқыған шығармалары мен сүйікті кітаптары жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар мақал-мәтелдер айтып, мәнерлеп өлең оқып, білім мен кітаптың адам өміріндегі рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.

«Кітап – білім бұлағы,
Білім – өмір шырағы» демекші, кітап оқу – баланың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, оның сөздік қорын молайтып, ойлау қабілетін дамытады.
4-сынып оқушылары «Зерделі ұлт – оқымысты ұлт» ұғымының мәнін түсініп, білімді болудың, ізденудің және кітаппен дос болудың маңызын ұғынды.
Іс-шара соңында оқушыларға «Көп оқыған – көп біледі», «Кітап – сенің досың» деген тағылымды ойлар айтылып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға бағыт-бағдар берілді.
Зерделі ұрпақ – білімді ұлттың негізі.
Оқымысты ұрпақ – елдің жарқын болашағы!
З.НАЗАРБЕКОВА,
Б.ҚҰДАБАЕВА
М.Әуезов атындағы №31 ЖББМ КММ-нің кітапханашылары.
