
Балалар кітапханасы – жас оқырманның рухани әлемін байытып, білімге деген қызығушылығын арттыратын тағылымды орта.
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы. Әсіресе бала үшін кітаптың орны ерекше. Өйткені кітап оқу арқылы бала қоршаған ортаны танып, дүниетанымын кеңейтеді, қиялын дамытады және жақсы мен жаманды ажырата білуге үйренеді.
Балалар кітапханасы – осындай ізгі мақсаттарды жүзеге асыратын мәдениет пен білім ордасы. Мұнда жас оқырмандар өздеріне қажетті көркем әдебиеттермен қатар, ертегілер, энциклопедиялар, танымдық кітаптар мен түрлі балалар басылымдарын оқи алады.
Кітапханада балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Кітап көрмелері, әдеби кештер, мәнерлеп оқу сайыстары, жазушылар мен ақындардың шығармашылығына арналған кездесулер – жас оқырманның кітап әлеміне жақындай түсуіне үлкен мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, балалардың бос уақытының едәуір бөлігі телефон мен интернетке байланысты өтіп жатқаны белгілі. Осындай кезеңде кітап оқудың маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Себебі кітап баланы ойлануға, ізденуге, сабырлы болуға және өз ойын сауатты жеткізуге тәрбиелейді.
Балалар кітапханасының тағы бір маңызды міндеті – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын шығармаларды оқу арқылы жас ұрпақ туған жерін, ана тілін, елінің рухани мұрасын құрметтеуге тәрбиеленеді.
Кітапхана қызметкерлерінің еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар әр баланың қызығушылығына қарай кітап таңдауға көмектесіп, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Әрбір баланың кітапты сүйіп оқуына ықпал ету – үлкен жауапкершілік пен ізденісті қажет ететін маңызды жұмыс.
Кітап оқыған бала – ойы ұшқыр, қиялы кең, білімге құштар болып өседі. Сондықтан баланы кітаппен ерте жастан достастыру – ата-ана мен ұстаздың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Балалар кітапханасы – кітап сақталатын ғана орын емес, ол – баланың арманына қанат бітіретін, білімге жол ашатын, рухани дамуына ықпал ететін қасиетті мекен.
Ендеше, балаларды кітапханаға бірге шақырай.
А АСАНОВА,
№40 «Ынтымақ» Жалпы білім беретін мектеп кітапхана меңгерушісі.
