
Жетісай ауданы білім бөлімінің «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты ұстаздар күніне арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Мырзақадыр Нұрбаев атындағы №58 жалпы білім беретін мектепте «Ұстаздық код: өткен мен болашақ үндестігі» тақырыбында тағылымды дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұстаз еңбегін дәріптеу, ардагер педагогтердің өнегелі еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі ету, ұстаздық дәстүр сабақтастығын нығайту және аға буын мен жас мамандар арасындағы рухани байланысты арттыру.
Кездесу барысында мектептің ардагер ұстаздары – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сманова Мақпал апай мен Жандарова Райхан апайдың еңбек жолы мен ұстаздық тәжірибесі кеңінен дәріптелді. Ардагер ұстаздар өздерінің педагогикалық жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас мамандарға жүрекжарды ақыл-кеңестерін жеткізді.
«Неліктен мен сізді мұғалім емес, Ұстаз деп атаймын?» тақырыбында жас мамандар ардагер ұстаздарға деген ыстық ықыластары мен шынайы алғыстарын білдірді. Бұл бөлім ұстаздықтың тек мамандық емес, шәкірт жүрегіне жол табатын үлкен жауапкершілік әрі өмірлік миссия екенін айқындай түсті.
Кездесу барысында мектеп тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, «Уақыт таспасы», «Ұстаз-TALK», «Естеліктер қобдишасы» секілді мазмұнды бөлімдер арқылы өткен мен бүгін, тәжірибе мен жаңашылдық, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастық көрініс тапты.
Әсерлі музыкалық композициялар мен оқушылардың өнері кештің мазмұнын байытып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
К.КУРБАНОВА,
М.Нұрбаев атындағы
ЖББМ ДТЖЖО.
