СӨЗДЕН – ОЙҒА, ОЙДАН – ТҰЛҒАҒА

Қазіргі сабақта оқушы дайын ақпаратты қабылдаушы емес, ізденуші, ойланушы, пікір білдіруші болуы тиіс. Осы бағытта тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын өзара байланыстыра дамыту маңызды. Оқушы мәтінді тыңдап, негізгі ойды анықтайды, оқығанын талдайды, пікірін ауызша жеткізеді және ойын жазбаша жүйелейді. Бұл жұмыстар оның сөздік қорын байытып, тілдік сауаттылығын арттырады.

Сабақта «Сөзден – ойға» әдісін қолдану тиімді. Мысалы, «Отан» сөзі беріліп, оқушылар оған қатысты туған жер, ел, отбасы, тарих, мақтаныш сөздерін атайды. Кейін сол сөздерден сөйлем, сөйлемдерден шағын мәтін құрастырып, соңында өз пікірін білдіреді.

Сонымен қатар «Сөз сандығы», «Ойыңды дәлелде», «Бір минуттық ой» сияқты тәсілдер оқушыны еркін сөйлеуге, жаңа сөздерді орынды қолдануға және пікірін дәлелдеуге үйретеді.

Мұғалімнің «Сен қалай ойлайсың?», «Неліктен?», «Ойыңды немен дәлелдейсің?» деген сұрақтары оқушыны дайын жауаптан гөрі өзіндік ойға жетелейді. Ал мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді сабақта орынды пайдалану тілдік дағдымен қатар ұлттық құндылықтарды қалыптастырады.

Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы – баланы тек сауатты жазуға емес, ойлауға, сөйлеуге, пікірін дәлелдеуге және сөз қадірін түсінуге тәрбиелейтін орта. Ана тілін құрметтеп, ойын еркін жеткізе алатын шәкірт – ұстаз еңбегінің маңызды нәтижесі.

Сөзден – ойға, ойдан – пікірге, пікірден – тұлғаға бастайтын жол қазақ тілі сабағынан басталады.

Ләззат БЕКТЕМИРОВА,

№11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясы

КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.