«Ауылға кітап сыйлау – болашаққа рухани мұра сыйлау»

2026 жылдың 21 қыркүйек күні Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Ауылға кітап сыйлау – ұрпаққа рухани мұра сыйлау» атты әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Бұл тағылымы мол шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, кітаптың қоғамдағы маңызын дәріптеу және ауыл кітапханасының қорын толықтыру болды.

Кештің қадірлі қонағы,  Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астана радиобиология ғылыми орталығының жетекшісі, еліміздің ғылым саласына елеулі үлес қосқан белгілі ғалым,  ауылымыздың ардақты азаматы, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Полат Қазымбетұлы болды. Ұстаздар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл игі шарада Полат Қазымбетұлы ауыл кітапханасының қорына екі жүзге жуық құнды кітаптарды сыйға тартып, жас ұрпақтың білім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосты. Айта кетерлігі, ол кісі бұған дейін де кітапхана қорын толықтыруға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, кітап сыйлау дәстүрін жалғастырып келе жатқан жанашыр азаматтардың бірі.

Кеш барысында қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының шығармалары кеңінен насихатталды. Оқушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, Мұқағали Мақатаевтың  жүрекке жетер жырларын орындады. Сонымен қатар ән мен күйден шашу шашылып, өнерлі оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Түрлі байқаулардың жеңімпазы Әлинұрдың орындауындағы халық күйі «Адай» көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, кештің көркін аша түсті.

Шара барысында кітаптардың таныстырылымы өткізіліп, оқырман қауымға ұсынылған әдебиеттер туралы кеңінен мағлұмат берілді. Қатысушылар кітаптың адам өміріндегі орны, оның тұлға қалыптастырудағы рөлі және ұлт болашағын тәрбиелеудегі маңызы жөнінде ой бөлісті.

Аққал АҒАЙДАРОВА,

Қ. Дәрімбаев атындағы  мектеп директоры.