Е.Құттыбайұлы: СПОРТТЫ ДАМЫТУ ҮШІН БАЗА КЕРЕК

Бейжің Олимпиадасынан дәмеленгенімізбен жағымды жаңалық болмады. Жарыс жолына шыққан спортшыларымыздың нәтижесі көңіл қуантпады. Қазіргі уақытта спортшылардан еш нәрсе күтпейміз. Ең бастысы елімізге аман-есен оралды.

Ал ауданымыздағы жас спортшыларға қандай жағдай жасалған? Келесі жас спортшылардан үміт күтуге бола ма? Шет ел асып көк байрағымызды биіктен көрсетуге не кедергі?

Дәл осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Жетісай аудандық спорт және мәдениет бөлімінің басшысымен тілдескен едік. Аудандық спорт саласына жауапты Еркебұлан Құттыбайұлы: «Спортымызды дамытуымыз үшін база керек» – дейді.

– Еркебұлан мырза, байқауымызша фейсбук желісінде ауданымыздың спорт саласын наси­хаттауды жақсы жүргізеді екенсіздер. Шын мә­нін­де ауданымызда қанша спорт кешені салынған?

– Жетісай ауданы спорт саласы бойынша балалар және жасөспірімдерге арналған үш спорт мектебі бар. Спорт мектебі облысқа қарайды. Одан бөлек 2021 жылы ашылған спорт клубы бар. Жалпы бізде спорт­тың 16 түрін қамтимыз. Балалар және спорт мек­те­бінің біріншісі Жетісай қаласында орналасқан. Онда алты түрлі спортпен шұғылданады. Бокс, грек рим, карате, футбол бар. Ал екінші балалар және спорт мектебі Ділдәбеков ауылдық округінде балаларымыз спорттың бес түрімен шұғылданады. Еркін күрес, қол күрес,стол тенисі, гренклин, дзюдо. №3 балалар жасөспірімдер спорт мектебі Асықата кентінде онда да спорттың бес түрі бар. Қазақ күресі, белбеу күрес, баскетбол, волейбол, тоғыз құмалақтан. Он алты спорттық мектебіміз бар. Аудан әкімдігінің қаулы­сы­мен «Жетісай спорт клубы мемлекеттік КМ»  құрылды. Қазір оның жеті түрімен он жеті жаттықтырушы жұмыс жасап келеді. Спорттық клубта 42 ересек бала спортпен шұғылданады. 632 бала мен жасөспірім және жалпы 674 спортшы шұғылданады.

– Ауданымызда осынша спортшыларды қанша тренер жаттықтырады?

– Жалпы клубта 18 тренер бар. Ал жалпы спорт­шылардың 24 жаттықтырушы мен қосымша жаттық­тырушылар қамтылған. Балалар мен жасөспірімдер алты жастан он алты жасқа дейін шұғылданады.Одан кейінгі спорттық клубта жасқа шектеу жоқ. Онда спорттық нұсқаушы ашқанбыз. Спорттық нұсқаушы не істейді десеңіз, ол бұқаралық спортты ұйым­дас­тырып, жұмысын жандандырады.

– Әуесқойлар саны көңіл көншітеді. Ал жетістіктері ше?

– Сұрағыңыз орынды, 2021жылы облыстан 65 күміс, 87 қола алып келді. Облыстық чемпионаттар болады. Одан алтыннан төртеу, күмістен алтау, қоладан 26 алғанбыз. Аудандық ашық біріншілік, жастар арасындағы жарыстар, сонымен қатар ҚР чемпионаттар өтеді. Халықаралық, республикалық турнирлер бар. Сондай-ақ кубігі болады. Жалпы айтқан кезде біздің жетістігіміз 407 алтын, 382 күміс, 521 қола алып келген ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз бар.

– Бұл көрсеткіш аз емес пе? Неге өзімізде жиі жарыстар өткізіп тұрмасқа?

– Жарыстар болғанда, біз жоспар түземіз. Жоспарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бекітеді. Бекітілген жоспарда күнтізбе болады. Жоспарға қарап облыстық жарыстар өткіземіз. Сонымен қатар, аудан тұрғындары ілгеріде өмірден өткен азаматтарға арнап ас беретін еді, қазіргі таңда ол азайып, спорттық жарыстар беруде. Кейбір азаматтар футболдан жарыс беріп жатыр. Бүгінде көкпардан, күрестен жарыс беріп жатқандар көп. Сондықтан біз белгілі уақытта жарыс ұйымдастырамыз деп айта алмаймыз. Олардың ұсыныстары түседі. Сол ұсынысқа біз ереже бекітеміз. Ережеге сәйкес он бес күн алдын осындай жарыс өтетінін жариялап, басқа ауданнан қонақтар шақырамыз. Басқа аудандарда жарыс өтіп жатса бізді шақырады. Сол себепті балаларымыз күн­тізбе тәртібінен бөлек жиі жарыстарға барып тұрады.

Бізде барлық спортпен шұғылдану тегін. Мемлекеттен жаттықтырушыларға айлық төленеді. Балаларға тегін қатысуға мүмкіндіктер қарастырылған.

– «Басқа ауданнан қонақтар шақырамыз. Басқа аудандарда жарыс өтіп жатса бізді шақырады» – деп қалдыңыз. Осындай ұсыныстар көрші мемлекеттен болды ма?

– Өзбекстан Республикасына барып қол добынан балаларымыз бен қыздарымыз қатысып келді. 18 жасқа дейінгілерді облыстың атынан жібереміз. Ал, осыған орай енді ашылған спорт клубымызда қаражатын қарастырғанбыз. Егер шетелден ұсыныс түссе жіберуге дайынбыз.

– Шетел асып көк байрағымызды биіктен көрсетуге не кедергі?

Бізге спортымызды дамытуымыз үшін база, яғни шұғылданатын жерлеріміз көбірек болуы керек. Сондай-ақ, білікті жаттықтырушылар әлі де тапшы. Осы жағдайлар дұрыс шешілсе үлкен жетістікке жететін чемпиондарымыз да шығады.

–  Алдағы уақытта, ауданымыздан болашақ, әлемдік додада бақ сынайтын чемпиондар дайындау үшін қандай жаспорлар құрылуда?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі спортқа жоғары көңіл бөлуде. Үлкен дене шынықтыру спорт кешенін ашу жоспарда бар. Ол үшін, қазіргі таңда, бір гектар жер қаралған. Енді құжаттамасының сараптамасы күтілуде. Бұл жоба үшін 850 млн. қаржы сұраймыз. Ол қаржы болса үлкен комплекс салуымыз керек. Сонымен қатар үлкен спорт алаңшасын көбейтеміз деп отырмыз. Былтырғының өзінде стадионның ішіне екі мыңға жуық кіші футболда ойнайтын балаларға спорт алаңшасын салып бердік. Одан бөлек, Ынтымақ ауылдық округіне мың орындық стадионның құрылыс жұмыстары жүруде. Оған үш жүз млн.қаржы қаралған. Біздің базамыз үлкейген сайын спортшыларымызды толық қамтимыз деп ойлаймын. Осы Жетісай ауданынан мықты чемпиондар шығады деп есептеп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен Арайлым РЫСҚҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған