Спорт – біздің серігіміз

Қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстану – әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі. Осы жолда спорттың алатын орны ерекше. Спорт – тек дене шынықтыру ғана емес, ол адамды тәртіпке, төзімділікке, табандылық пен мақсатқа жетуге тәрбиелейтін сенімді серік.

Спортпен тұрақты айналысатын адам физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да шыңдалады. Ол уақытын тиімді жоспарлауды, жеңіске ұмтылуды және қиындықтарға мойымай қарсы тұруды үйренеді. Әсіресе, жасөспірімдер үшін спорттың маңызы зор. Себебі спорт баланың мінез-құлқын қалыптастырып, өзіне деген сенімділігін арттырады, зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді.

Кенесары хан атындағы №62 ЖББМ КММ мектебінде оқушыларды спортқа баулу, олардың денсаулығын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектеп қабырғасында дене шынықтыру сабақтарымен қатар, әртүрлі спорттық үйірмелер мен жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оқушылар футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен бақ сынап, өз шеберліктерін шыңдауда. Мұндай шаралар оқушылардың бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатуына, командалық рухты сезінуіне үлкен әсер етеді.

Спорт – денсаулық кепілі. «Дені саудың – жаны сау» демекші, спортпен шұғылданған адамның оқу үлгерімі де, өмірге деген құлшынысы да жоғары болады. Сонымен қатар, спорт адамды жауапкершілікке, әділдікке және өз-өзіне талап қоя білуге тәрбиелейді.

Қорытындылай келе, спорт – біздің өмірлік серігіміз, денсаулығымыздың тірегі. Әрбір оқушы спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырып, белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанса, болашағымыз нұрлы болары сөзсіз.

Азат САБДЕНОВ,

Кенесары хан атындағы №62 ЖББМ КММ-ның дене шынықтыру пәнінің ұстазы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *