Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің деңгейімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мәдениетін арттыратын және мемлекет пен халық арасындағы тиімді диалогты нығайтатын маңызды саяси үдеріс. Бұл науқанның басты ерекшелігі – қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген, халықтың сеніміне ие азаматтарға елдің өзекті мәселелерін көтеруге және олардың шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік беруінде.

Қазіргі таңда қоғамда көтерілетін мәселелердің ауқымы кеңейіп келеді. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастар саясаты, мәдениет, білім, қоғамдық келісім және азаматтық бастамаларды қолдау сияқты бағыттар халықтың тікелей қатысуын талап етеді. Осындай жағдайда Құрылтай депутаттарының қызметі қоғамның нақты сұранысын мемлекеттік шешімдермен ұштастыратын маңызды тетікке айналады. Сондықтан депутаттарды сайлау үдерісінің заң талаптарына сай, ашық және жария түрде ұйымдастырылуы – қоғамның сайлау институтына деген сенімін арттыратын басты алғышарттардың бірі.
Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі тек кандидаттардың бағдарламасын таныстырумен шектелмейді. Бұл кезең қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың саяси сауаттылығын арттыруға және әрбір адамның саналы таңдау жасауына ықпал етеді. Ашық ақпараттың қолжетімді болуы, пікір алуандығының сақталуы және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы – демократиялық қағидаттардың нақты көрінісі. Мұндай ұстаным сайлау барысының әділ әрі өркениетті өтуіне негіз болады.
Қоғамның белсенділігі – елдің дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Әрбір азамат өзінің таңдауы арқылы мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Сондықтан Құрылтай депутаттарын сайлау тек саяси науқан ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершілікті, қоғамдық бірлікті және ел тағдырына ортақ жауапкершілікті айқындайтын маңызды қоғамдық оқиға ретінде қабылдануы тиіс. Заң үстемдігі, ашықтық және өзара құрмет қағидаттарына негізделген сайлау үдерісі еліміздің орнықты дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімінің артуына оң ықпал етеді.
