КӨРІКТІ ОЙДАН КӨРКЕМ СӨЗ ШЫҒАДЫ

Жаңа оқу жылы басталып, оқу-тәрбие жұмыстары бірізділікпен жолға қойылды. Жылдағы дәстүр бойынша оқу жылымыз Тіл мерекесіне арналған онкүндікпен басталып, жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Онкүндіктің ашылуы мен жабылуы да ерекше әсерлі өтті. Мәні мен мағынасы терең ашық сабақтар, дебаттар, подкасттар, бейнесабақтар мен өлең жолдары көрерменді баурап, тілдің қадір-қасиетін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Ана тіліміздің асқақ мәртебесі қашанда биік. Қазақ тілі – тарихымызбен тамырлас, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті тіл. Іс-шараларға орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері де белсене қатысып, шәкірттерінің білімін ортаға салды.Қазақтың біртуар ақындары мен ағартушы-ғалымдарының шығармаларын мәнерлеп оқыған шәкірттеріміз көрерменнің көзайымына айналды. Тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы мен ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармаларын мәнерлеп оқып, ақындық сөздің құдіретін жеткізе білді.«Мен – полиглотпын» тақырыбында 7–11-сынып оқушылары подкаст пен дебатқа қатысып, өз білімдерін сөз маржанымен өрнектеді. Бейнесабақтарды тамашалап, өз пікірлерін ортаға салды.Жасанды интеллект – заман талабы. Дегенмен тіліміздің тұғыры өз ана тілімізді сүюден басталады. Ана тіліміздің ғұмыры мәңгі болуы үшін ұрпағымыз тілін де, Отанын да шын сүйетін адал азамат болып өсуі керек.Жасанды интеллект дәуірінде де тіл мәселесіне келгенде жасандылыққа жол берілмесе екен деймін. Өз тілімізде шынайы сөйлеп, еркін қарым-қатынас жасап, өзара пікір алмасудың табиғилығын сақтағанымыз жөн. Бір ауыз сөздің құдіретімен ата-бабаларымыз қасиетті салт-дәстүрімізді сақтап, бізге жеткізді.Әдемі әрі анық сөйлеу мәдениетін, сөз әдебін, ұлттық дәстүрді дәріптеуді, ұлы қасиеттерді ұлықтауды біз, ұстаздар, жалықпай насихаттаудан шаршамауымыз керек. Өйткені елдің ертеңі – жастардың қолында. Тілімізге келгенде жасандылыққа жол жоқ. Десек те, жасанды интеллект үрдісі күн сайын түрленіп, жаңарып келеді. Заман ағымымен санасуға да тура келеді. Осындай өзгерістер дәуірінде тіліміздің бай әрі шұрайлы тіл екенін шәкірт санасына сіңіре отырып, оларды ізгілікке, адамгершілікке, үлкенді құрметтеуге, кішіге сыйластық танытуға тәрбиелеуіміз қажет.Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің негізі де тілге қатысты. Анық әрі таза сөйлеп, дұрыс пен бұрысты бағамдап, орынды сөз айтып, баталы сөзге тоқтайтын ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың парызымыз.

Қай саланың маманы болса да – ғалым, құрылысшы, дәрігер немесе ұстаз болсын, ең алдымен, Ана тіліміздің мәртебесін биікке көтеруге міндетті. Шет тілдерін білу де – өнер. Өзге тілдерді үйреніп, дұрыс сөйлей білу – үлкен артықшылық әрі асыл қасиет. Әрбір шәкірттің полиглот болғанын қалаймын. Өз тілімен қатар бірнеше тілді меңгеріп, өмірлік мақсаттарына жетуіне септігін тигізсе екен деймін.Білімге ұмтылған әрбір шәкірт – баршамыздың аманатымыз.

Гүлшат МАҚҰЛБЕКОВА,

Ш. Уәлиханов атындағы

№2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі.