АЛТЫ ПЫШАҚ АЛТЫ ШАҢЫРАҚТЫҢ ИЕСІ

Омархан ағамыз немістерден кейін жапондарды жайратып елге аман-есен оралған еді. Ауылда әйелі Бибіхан екі қызымен тілеуін тілеп, түтінін түтетіп отырған. Майданнан келген бірлі-жарым азаматтың барлығы мүгедек, аяқ-қолынан айрылғандар, тұрмыс тапшылығы алқымнан алып тұр, соғыстан кейінгі ауыр жағдай Омархан ағамызды да үйінде жатқызбады. Екі-үш күн тынығып, колхоздың жұмысына кірісті.

Тіршіліктің арбасын сүйретіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жүрген ағамыздың тағдыры бір күні ойда-жоқта күрт өзгерді.

Таңертеңгілік шай үстінде бетіне қайта-қайта қарағыштап отырған Бибіхан апамыз Омекеңнің ойына келмеген әңгіме бастады.

– Майданнан келгеніңе жылдан асты. Екі қыздан кейін құрсағым кеңімеді. Осы сен екінші әйел алсаң қайтеді, – деген бәйбішесі. Тосын әңгімеге сенер-сенбесін білмей аңтарылып отырған Омархан ағамыз аузын ашқанша бәйбіше сөзін жалғап кетті.

– Түсіме атам кіріп «Келін, мыналарды қажетіңе жаратарсың» деп алты пышақ ұстатып кетті. Оянып кетсем, таң атып қалған екен, дәретімді алып, дұғамды оқып, түсімді жақсылыққа жорыдым. Сен, Алла берсе, алты перзент сүйесің. Бірақ, менің жасым келіп қалды. Демек, саған төсек жаңғырту керек. Мен он ойланып, жүз толғанып осындай шешім қабылдадым. Сенде еркек кіндік болмағанға аруақ та наразы болып жүр-ау деп ойландым. Кіндігіңнен ат ұстар өрбісін, – деді бәйбішесі.

«Жасым елуге таянғанда тағы күйеу болып сызылып отырамын ба, алмаймын. Қайдағы жоқ әңгімені қайдан шығардың» деген Омекеңнің қарсылығын Бибіхан апамыз құлағына қыстырмады. «Саған ұрпағыңды жалғастыратын ұл бала керек. Қыз деген жатжұрттық, бойжеткен соң елін тауып кетеді. Сол үшін отыңды өшірмейтін ер бала табатын әйел алуың керек. Ел іші ғой, бір төмен етек табылар, іздестіреміз» деп нақты шешім шығарды.

Омархан ағамыз жұмысына кеткенде апамыз ағайындары мен қайныларын жинап: «Отағасын үйлендіреміз, отырған қыз болса табыңдар» деп құлаққағыс жасады. Ағайын арасында айтылған «Заңда екі әйел алуға рұқсат жоқ. Омекең сотты болып кетпесін» деген уәжге: «Сендер табыңдар, заңға өзім жауап беремін» деп отырып алды.

Бибіхан апамыздың өзі бел буып кіріскен бұл істі аяғына дейін жеткізді. Арыс өңірін мекендеп отырған Қоңыраттың Құлшығаш пен Жандар руларын бір сүзіп шығып, өзінің рулас сіңлісі Масат деген қызды табады. Өзі сөйлесіп, құда түсіп, беташарын жасап, отауына кіргізді.

Масат анамыз 1947 жылы қыз босанды. Оның есімін «ендігісі ұл болсын» деп ырымдап Ұлбала деп атады. Одан кейін Мыңбай, Жүзбай, Көпбай, Бекбай, Төретай, Бектай дүниеге келді. Бибіхан апамыздың түсі шындыққа ұласып, бақытты отбасы құралды.

Бір қызығы, Бейбіхан анамыз да кейін бір қыз босанды. Өз кіндігінен тараған үш қыз бен Масат апамыздан тараған жеті баланы бауырына басып жетілдірді. Бүгінде Масат анамыздан туған алты ұл алты шаңырақтың иесі, екі анадан туған төрт қызға төркін болып, өсіп-өнген әулетке айналған.

Осы орайда қазақтың қара шаңырағының ұрпақсыз қалмауы салт-дәстүрін берік ұстанған, кеңпейілді, киелі ауыз, обал-сауапты ойлайтын аналарымызға тікелей байланысты екенін пайымдайсың. Сол кездегі аналарымыздың ақылмен, таза пейілмен осындай жақсы істердің ұйытқысы болғанына сүйсінесің.

Қазіргі жастарымыздың көпшілігі сауатты, бірақ, кейбірі қарақан басының қызғанышын жеңе алмайды. Қаншама жайсаң жігіттеріміз бір әйелдің көңіліне қарап, жалқы қалып барады. Тіпті, кейбір қыз-келіншектеріміз күйеуін «ұлттың ізін жалғайтын азамат» деп қарамайды, құдды бір зат секілді меншіктеп алған, бөліскісі келмейді. «Ошағының оты өшпесін» деген кең пейілділік жетпей жатады.

Өзім білетін бір отбасы бар. Екі жас студент кездерінде танысып, махаббатпен үйленді. Екеуі отызға жетпей екі қыз сүйді. Басқа перзенттері болмады. Екі қыз бойжетіп тұрмысқа шығып кеткенде даңғарадай тамда екеуі ғана отырды. Күйеуі елуден асқанда инсульт алып бір аяқ, бір қолы жансызданып қалды. Ол аз болғандай әйелі қайтыс болып, жарымжан жігіттің қарақан басы тағы сорлады. Осындай мысалдарды көріп отырып, күйеуі ұрпақсыз кетпес үшін өз қолымен үйлендірген аналарымыздың даналығына бас имеске шараң жоқ.

Камалбек ОРТАЕВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған