ДЕПУТАТТАР ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың қатысуымен Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Ербол Ералиев пен Талғат Қаржауовтың сайлаушыларымен кездесуі өтті.

Қос депутаттың Түркістан облыстық мәслихатымен 2023 жылғы атқарылған жұмыстары туралы есеп беру кездесуіне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов, жергілікті мәслихат депутаттары мен құқық қорғау органдардың басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Негізгі уақытты дәстүрлі баяндамаларға емес, нақты атқарылған істердің барысымен таныстыруға, алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарларымен бөлісуге арнаған халық қалаулылары азаматтармен еркін форматта ашық әңгіме құрды. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Нақтырақ айтар болсақ, сайлаушылар мен депутаттар қала сыртынан жүк көліктеріне арналған айналма жол салу, отандық және шетелдік инвесторлардың есебінен ауданда шикізатты терең өңдеу кәсіпорындарын ашу, мақтаның құнын арттыру мақсатында тұқымдық шиттің тазалығын сақтау, білім, денсаулық, жол және ауыз су мәселелерін кеңінен сөз етті.

Терең талдау мен зерделеуді қажет ететін мәселелерді жазып алған қонақтар қосымша жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

Б.НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған