Қазақ тілін әлемге танытқым келеді  

Қазақ тілі – халқымыздың тарихын, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын сақтап келе жатқан қасиетті тіл. Ана тілімізді білу және құрметтеу әр қазақтың парызы деп ойлаймын. Сондықтан мен қазақ тілін әлемге танытқым келеді.

Қазақ тілінің ерекшелігі – оның бай әрі көркем болуында. Тілімізде мағынасы терең мақал-мәтелдер, әдемі сөздер мен тұрақты тіркестер өте көп. Қазақ тілін әлемге таныту үшін алдымен өзіміз оны дұрыс сөйлеп, қадірлеуіміз керек. Сонымен қатар қазақтың әндерін, күйлерін, кітаптарын, фильмдерін және салт-дәстүрін шетелдіктерге таныстыруға болады. Әлеуметтік желілер арқылы да қазақ тіліндегі қызықты видеолар жасап, басқа адамдардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бар. Болашақта мен де қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға көмектесіп, ана тіліміздің әдемілігін көрсеткім келеді.

Мен қазақ тілінің әлемге кеңінен танылғанын қалаймын. Себебі тіл – ұлттың рухы мен болмысы. Қазақ тілін құрметтеп, дамыту – барлығымыздың міндетіміз! 

Балсезім МАРАЛБАЙ,

«Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ» КММ  8″А» сынып оқушысы.

Перуза ТУЛЬТАЕВА,

Жетекшісі.