Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – мектеп, ата-ана және қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Жасөспірімнің құқық бұзушылыққа баруына отбасындағы түсініспеушілік, құрдастар ықпалы, назардың жетіспеуі, эмоцияны басқара алмау және өз әрекетінің салдарын бағалай алмау сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.
«Қиын бала жоқ, қиын жағдай бар» деген ұстаным жасөспіріммен жұмыс жасауда ерекше мәнге ие. Баланы жазалау немесе кінәлаудан бұрын оның әрекетінің себебін түсіну, тыңдау және дұрыс бағыт көрсету маңызды. Осы арқылы жасөспірімнің өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына және дұрыс шешім қабылдауына жағдай жасауға болады.
Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында мектепте оқушылармен жүйелі профилактикалық және психологиялық жұмыстар жүргізілуде. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, құрдастар арасындағы өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау, тәуекел факторларын ерте анықтау, жеке және топтық кеңес беру жұмыстарына да көңіл бөлінуде. Қажет болған жағдайда ата-аналармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, балаға қолдау көрсету жолдары қарастырылады.
Әрбір балаға дер кезінде көрсетілген қолдау – оның қауіпсіз әрі жауапты таңдау жасауына ықпал ететін маңызды қадам.
Ш. АЛИМКУЛОВА,
Н. ЖАҚЫПБЕК,
«М. Нұрбаев атындағы №58 ЖББМ» КММ педагог-психологтары.
