Ойдың тілі-сөз. Біз сөйлеу арқылы неше түрлі өз ойларымызды, пікірлерімізді, қажеттіліктерімізді, шағым мен міндеттермізді сыртқа білдіре аламыз. Айтылған сөзді қабылдау, оны ұғынып түсіне отырып , өзгелермен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Сауатты да мәдениетті сөйлеу- деген ұғымның мағынасы терең әрі кең. Мәдениетті сөйлеу де сауаттылықтың белгісі.

Сөйлеу – адам санасының басты белгісі екені анық. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Ал Ж. Баласағұн «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп тауып айтқан
Қазіргі қоғамдағы басты мәселенің бірі-мәдениетті, өз ойын жеткізе сөйлеу. Жаһандану заманында әр адамның, жас жеткіншек пен балалардың қолындағы смартфондар мен гаджеттер сөйлеу мәдениетінің табиғатын бұзуда. Тегінде адам баласы өз перзенттеріне сыпайы сөйлеуді, ойын анық және нақты жеткізуді ауыз әдебиеті арқылы үйретеді. Халық ауыз әдебиетінің үлгілері нағыз рухани байлық, сөйлеу мәдениетінің бастапқы баспалдақтары деп айтсақ қателеспейміз . Жаңылтпаш- қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылтпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру ; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады , қара сөз немесе өлең түрінде болады.
Бүгінде ата-аналар нағыз логопед маманын түрлі жарнамалардан , ғаламтордан іздеп , алтын уақытын қиып, балаларына логопед мамандарының көмегін алуда. Логопедия — сөйлеу тілінің бұзылысы бар балаларға білім және тәрбие беру проблемаларын зерттейтін сала болса, өз дәстүрімізде бала тілінің бұзылысын, ойлау қабілетінде кенжелеу байқалса жаңылтпаштар, мақал- мәтелдер , жұмбақтар арқылы реттеп отырған. Сөзі мен тілі анық болған бала келешекте өз ойын мәдениетті жеткізе сөйлейтін адам болады.
Жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы бойынша әзірленіп , басылып шыққан қазақ тілі оқулықтарында күнделікті сабақта арнайы баланың сөзін , сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тыңдалым, айтылым дағдылары бар. Бұл дағды бойынша балалар түрлі танымдық ақпараттар алады. Әр бөлімдегі дағдылар бойынша бала тыңдап, оқып өз пікірін білдіреді, сөйлеуін қалыптастырады. Бала осы алғандарын отбасында ата-анасымен талқылап, сөйлеу мәдениетін ары қарай дамытып отырған жөн.
Қорытындылай келе әрбір адамның сөйлеу әдебі — әлеуметтік мәртебенің негізі. Сөйлеу мәдениетінсіз қарым-қатынас мүмкін емес . Адамның ана тілінде мәдениетті сөйлеуі әуелі өзіне , кейін өз халқына жасаған мәдени мұраның бірі.
А .ШЕГЕБАЕВА,
«М. Шоқай атындағы №26 ЖББМ» КММ тарих пәні мұғалімі
