ТОҚШЫЛЫҚ ПЕН ЖОҚШЫЛЫҚ ҚАТАР ТҰРСА…

Бір күндік жұмыс уақытым бітті-ау деп жиналып, мекеменің есігін кілттегелі тұрғанымда жоқшылық тауқыметі жүдеткен, тіпті сүйек пен теріден ғана тұратындай, сан саңлаққа тарамыстанған әжімдері талай қиыншылықты мойындаған елуден асқан ана тартыншақтай маған жақындады. Кейбір азын-аулақ артық салмақпен күресіп жүргендер мына келіншекке қарап қайта-қайта тәубесін айтары анық. Менің асығып тұрғанымды түсініп, қолындағы дәрінің қорабын көрсетіп «9 мың тұрады екен. Алайын десем ақшам жоқ. Қызым құрғыр да жұмыс таппай қалды»,-деп қайталаумен болды. Шыр-пыр болған бейбақ ананың сөзінен түсінгенім-үйінде жатқан жарымжан баласының үзбей қабылдауы тиіс дәрісі екен. Қолында ұстап тұрған құтыдағы дәрісі таусылып, тағы да алуы керек. Бірақ қаражат жоқ. Әр мекемені кезіп, қайыр етуді өтініп жүр. Өзі жұмыс істеуге жарамсыз, ер жетіп қалған дегенімен баласы мүгедек. Үш адамнан тұратын отбасының асыраушысы-бой жетіп отырған қызы. Бірде бар, бірде құрып қалған жалдамалы жұмыс істеп анасы мен бауырының жұқана ғана ас-суын тауып жүрген қызының жұмыссыз қол қусырып үйде отырып қалғаны соры бес елі ананың арқасына аяздай батуда. Бірақ қолдарынан келер қайран жоқ.

Жәутеңдеген екі көз бен шарасыз қызыл тілден шыққан аянышты да жалынышты сөздерінің ызғары өмірден түңілдірердей өңменімді қарып барады. Барымды қолына ұстатып, ең құрығанда жолыңызға жұмсарсыз дедім. Әрине ат пен түйенің құнын бере алмасымды байқап, бар алғысын жаудыруда. Тағы бір мекеменің есігіне аяңдап барады. Артынан қарауға дәтім бармады.

Есікті қымтап жауып, үйге аяңдадым. Біздің мекемеге көрші ғимараттың  алдында топырлап тұрған «ақ жағалы» азаматтарға еріксіз көзім түсті. Көзім түсті деймін-ау, жанындағы жарлы менен сорлыны байқамайтын паңдығына көңілім түсті. Арқа-жарқа әңгіменің арасында саңқылдаған күлкінің жаңғырығы құлағымды қуырғандай ішім алай-дүлей күйге түсті. 

Жұмыстан шыға салысымен үйде буы бұрқыраған қуырдақ күтіп тұрғандай  аяғым аяғыма ілеспей зуылдаушы едім, бүгін аяғым егесіне бағынудан шаршағандай ілгері басатын түрі жоқ. Жабыққан санамда жоқшылықтан табаны тозып шаршаған ана мен тоқтығы тонынан байқалатын бай-жуандар қатарласып тұра қалған. Бірақ арасында байланыс жоқ. Тіпті жуыспайды да. «О, құдірет, мың жерден сыншы болсаң да адамды ақыл-есімен сынамасаң етті» деген шым-шытырық ойлар бірінен соң бірі алқымдауда. Анам марқұм «Жаратқанның ең үлкен сынағы – жоқшылық пен тоқшылық. Қалған пендешіліктің кешірімі болады» деп айтатыны қайта есіме түсті.

Кейде осы мақтаншақтық пен ысырап­шылдық қазаққа не үшін керек деген ой келеді. Біреуге мақтану үшін шамамыз келсе де, келмесе де тыраштанып әлемде болмаған той жасағымыз келеді. Сондағысы елдің жасағанынан асып түссек түсуіміз керек, бірақ қалыспауымыз шарт.

Осы орайда ешбір пенденің ойына кіріп те шыққысы келмейтін ащы ақиқатты айтқым келеді. Сіз жоқтан өзгені ысырап етіп, пендешілікке салынып жүргеніңізде бәз біреулер дәрінің бос құтысын алып, көшеде алақан жайып баласының өмірін сұрап жүр. Қазіргі тойлар мен құдалықтарға жұмсалатын қаражаттың кем дегенде жартысы ысырапшылдық деп айтсам қатемді түзетер адам табылып жатса оның да ой-пікірін газетіміздің келесі бір сандарында жариялауға болады. Түкке де арзымайтын ырымдар мен салт-дәстүрдің түрлері күн­нен күнге жаңғырып, жаңаруда. Осындай ызаң мен ашуыңды тудыратын кәделер мен мақтанудың түр-түрін шығарғыштар неге шаңырақ көтерген жас жұбайлар тұрмыс тауқыметін татып, қатарынан қалып жүргендерге көмектессе олардың ақ баталары отбасының беріктігін сақтап, құдалардың қадірін арттырады екен деп жарияға жар салып таратпайда екен. Той сенің елмен бөлісетін қуанышың. Тойдың ережесі мен қағидасын Жаратқан иеміз бекіткен жоқ. Сайран салып, ішіп-жегенін абырой көріп жүрген бір тоқмейілдердің өзін-өзі жарнамалау үшін шығарып жүргені. Тіпті оны заманауи салт-дәстүрдей «мөр басып» бекітіп береді. Бұл енді шектен шыққан есерсоқтық емей немене.  Ал сосын Сырдың суынан құр қалмайық деген келесі бір қағылездер іле-шала жөн-жосықсыз жоралғыны жалғыстырады да жатады. Бүгінгі тойдың дастархан мәзірін әспеттеп айтуға журналист болсам да тіл байлығым жетпей қалың оқырманнан ұятты боламын-ау деп тайсақтап тұрғанымды айтпасам да түсінікті болар. Кейде әлеуметтік желіге мақтану үшін салған көздің жауын алатын дастархандағы молшылықты көріп «әттең, осы дастархан басында есіл еңбегіңді сынап-мінеп, күндер бойы дайындағаныңды түртпестен шіренетіндер емес тарығып-зарығып, аш құрсақ жүргендер отырса игі болар еді-ау» деп те айтатындар бар ма екен?..

Осындай қарама-қайшылықпен жалғасып жатқан қоғамдық өмірге шек қойып, Құдайдың құлдарына бұйырғанын дұрыс жеткізетін көзі қарақты, көкірегі ояу зиялыларымыз жоқ па деген ойлар да шырамытады. Айталық, жамағаттың салып берген аманаты-зәулім мешітте отырған имамдарды  Жаратқан мен пендесінің арасында «елшідей» қабылдаймыз. Осы діндәрларымыз әрбір құлшылық намазға жи­налған жамағатқа ысырапшылдықтың қасіреті жайында қалай баяндайды екен деген қызығушылық сананаңның бір түкпірінде сес көрсетіп тұратындай. Жаратқанның жүз есімін қайталау өз алдына оның саған берген сынағына деген жауапкершіліктің тақсіретін санаға сіңіре ала­тын имамдар мен діндарлар табылып жатса, газетімізге мақтап та, мадақтап та жазуға біз дайын. Қазір Жаратқан алдындағы парызымды орындаймын деп елден асып Меккеге аяқ басқандар қатары күннен күнге артуда. Шүкір делік. Сол бір Жаратқанға жағынуды парызым деп білгендер әулетінде, көрші-қолаңдарында дәрі-дәрмекке немесе тойып тәтті тамақ жеуге қаржы таппай қиналып жүргендері жоқ па екен деп қызығатындары бар ма екен? Ауылдасың көшеге түсіп қайыр сұрап жүргенде сенің қаншама қаражатты шөлге жұтқызып, қағбаны сипағаның Жаратушыға мақұл келе ме екен?

Айта берсек, миға қонымсыз қозғам өзгерісі уақыт өткен сайын өршімесе, сабырға келер түрі байқалмайды. Адасқандарды ақылға шақыратын ел азаматтары табылмаса жетер жерімізді елестету де қорқынышты.

Ең өкініштісі, мұндай жан жылуын сұрап, алақан жаятын аналарды көру қасіреті тек бұл күнмен ғана шектелмейтіні жаныңды жасытады. Осыны біле-көре тұра қоғамдағы атан жарыстан қалмауға жанталасатынымды өзім де сезіп тұрғаным одан да өкінішті…

Элмира ӨСЕРБЕКОВА,

журналист.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған