
15–20 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында өткен «Ауыл ойындарының V жазғы ойындары» мектебіміз үшін үлкен жеңіспен қорытындыланды!
Еліміздің әр өңірінен келген жас спортшылар бас қосқан дүбірлі додада «Н.Төреқұлов атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп» оқушылары Түркістан облысының намысын абыроймен қорғап, жоғары спорттық шеберлік пен жеңіске деген жігердің жарқын үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысында мектебіміздің жас спортшылары жалпы командалық есепте І ОРЫН иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді!
Ұлдар арасында – І орын: Болатбек Шахмардан Ержанұлы 8″А» сынып оқушысы.
Әбубәкір Әлтайр Бекзатұлы 6″Ә» сынып оқушысы
Қыздар арасында – ІІ орын: Болатбек Назерке Ержанқызы 6″В» сынып оқушысы.
Әбубәкір Ділдә Ғабитқызы 7″А» сынып оқушысы.
Нәзір Ұлданай Ерланқызы 7″Б» сынып оқушысы. Бұл жетістік – бір күннің нәтижесі емес. Оның артында үздіксіз жаттығу, төзімділік, тәртіп, табандылық пен әрбір ұпай үшін соңына дейін күресе білетін қайсар мінез жатыр. Жас спортшыларымыз үлкен додада өз мүмкіндіктерін дәлелдеп қана қоймай, Түркістан облысының мерейін үстем етіп, мектебіміздің абыройын асқақтатты.
Осындай дарынды шәкірттерді жарысқа дайындап, олардың бойындағы спорттық қабілетті шыңдап, жеңіске жетелеген жетекшісі Есімханов Ержан Болатбекұлы ерекше алғыс білдіреміз! Ұстаздың кәсіби шеберлігі, жүйелі дайындығы мен шәкірттеріне деген сенімі осындай толағай табыстан көрініс тапты.
Жеңіс – тек жүлде мен медаль емес. Жеңіс – маңдай тердің өтеуі, төгілген еңбектің нәтижесі, туған жер мен мектебіңнің намысын биік қоюдың көрінісі. Бүгінгі жеңімпаздарымыздың әрбір жетістігі мектеп қабырғасындағы өзге оқушыларға да «еңбек етсең, биік белесті бағындыруға болады» деген үлкен сенім сыйлайды.
Шахмардан, Әлтайр, Назерке, Ділдә, Ұлданай!
Жеңістеріңіз құтты болсын! Сіздердің табандылықтарыңыз бен спортқа деген құштарлықтарыңыз біз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы жарыстарда да жеңіс жолы жалғасып, көк туымызды биікке көтере беріңіздер!
Түркістанның намысын қорғаған тарландарымызға – мың алғыс!
Жеңіс құтты болсын, жас чемпиондар! Мектебіміздің мерейі әрдайым үстем болсын!
Перуза ТУЛЬТАЕВА,
«Н.Төреқұлов
атындағы №13 ЖББМ”
КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі,
магистр.
