Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің ең асыл белгісі

Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз мемлекеттің егемендігін, ұлттық бірегейлігін және рухани құндылықтарын айқындайтын қасиетті нышандар. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – халқымыздың өткені мен бүгіні, жарқын болашағының көрінісі, елдік пен еркіндіктің символы.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Содан бері бұл күн елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Бұл – әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызға ие мереке. Өйткені рәміздеріміз – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, тәуелсіздікке деген құрметінің айғағы.

Көк байрағымыздың ашық түсі бейбітшілік пен тұрақтылықты білдірсе, оның ортасындағы алтын күн – өмір мен молшылықтың белгісі. Қыран бүркіт еркіндік пен биік мақсаттарға ұмтылуды бейнелейді. Ал ұлттық өрнек қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрін паш етеді.

Мемлекеттік Елтаңбамыз – ортақ шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халқымыздың бірлігі мен татулығының көрінісі. Оның ортасындағы шаңырақ – береке мен ынтымақтың символы. Қанатты пырақтар елдің асқақ арманы мен жарқын болашағын бейнелейді.

Әнұран – әр қазақстандықтың жүрегіне патриоттық сезім ұялататын қасиетті шығарма. Оның әуені мен сөзі халқымыздың рухын көтеріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Спорттық жарыстарда, халықаралық кездесулерде Әнұранымыз шырқалған сәтте әрбір азаматтың жүрегін мақтаныш сезімі кернейді.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанды құрметтеуден басталады. Сондықтан өскелең ұрпаққа рәміздердің мәні мен маңызын түсіндіру, оларды қастерлеуге тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Рәміздерге деген құрмет елге деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады.

Бүгінде көк Туымыз әлемдік ареналарда желбіреп, Елтаңбамыз халықаралық мінберлерде жарқырап, Әнұранымыз дүние жүзіне Қазақстанның даусын танытып келеді. Бұл – әрбір қазақстандықтың мақтанышы.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұмары, елдігіміздің ең асыл белгісі. Оларды құрметтеу – туған елге деген құрметтің ең жоғары көрінісі.

Нуржамал СПАРХАНОВА,

“І.Есенберлин атындағы N54 ЖББМ”КММ-нің ДТЖЖО.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *