4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Осы айтулы мерекеге орай Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты МКҚК «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасында бүлдіршіндердің отансүйгіштік сезімін оятып, ұлттық мақтанышын арттыру мақсатында «Рәміздерім — мақтанышым!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындаумен басталды. «Нұр» тобының кішкентай бүлдіршіндері қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше ықыласпен шырқады. Іс-шара барысында балалардың жас ерекшеліктеріне сай бірнеше қызықты бөлімдер ұйымдастырылды:
Тәрбиелік сағатта балаларға Тудың түсі, Елтаңбаның мағынасы және Әнұранның авторы туралы қызықты мәліметтер беріп, интерактивті көрнекіліктерді көрсетілді.
Өнерпаз бүлдіршіндер Отан, Ту, Елтаңба туралы патриоттық өлеңдерді жатқа оқып, «Көк тудың желбірегені» әніне әдемі флешмоб биледі.

Шығармашылық көрме: Балақайлар өз қолдарымен Көк тудың суретін салып, Елтаңба бейнесін аппликация әдісімен құрастырды. Олардың жасаған жұмыстарынан арнайы көрме ұйымдастырылды.
«Балабақшамыздың мақсаттарының бірі — баланың санасына кішкентай күнінен бастап өз еліне, жеріне, рәміздеріне деген құрметті сіңіру. Бүгінгі шарада балалардың көзінен Отанға деген шексіз махаббат пен мақтанышты көрдік», — деді балабақша меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы Жанат Жорабекова.
Мерекелік шара мазмұнды да қызықты болды.
Гүльмира АБУОВА,
«Күншуақ» бөбекжай-балабақшасында «Нұр» тобының тәрбиешісі.
