Ұстаз – ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, оның жүрегіне ізгілік пен адамгершілік дәнін себетін қасиетті мамандық иесі. Ұстаз еңбегінің қадірі жылдар өткен сайын арта түседі. Әсіресе саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздардың орны ерекше. Олар – бүгінгі ұрпаққа өнеге, кейінгі әріптестерге бағыт-бағдар беретін мектептің алтын қазынасы.

М. Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ардагер ұстазы, биология пәнінің мұғалімі Клара Калиясқызы Турускельдиева апай – ұстаздық жолды абыроймен атқарған, шәкірт жүрегінен орын алған аяулы жандардың бірі. Ұстаздықты тек мамандық емес, жүрек қалауымен таңдаған Клара апай талай жыл бойы жас ұрпаққа биология ғылымының сырын үйретіп, табиғатты сүюге, қоршаған ортаны қорғауға, тіршілік атаулыны қадірлеуге тәрбиеледі.
Биология – табиғаттың таңғажайып құбылыстарын танытатын ғылым. Бұл пәнді оқыту үшін тек білімді болу жеткіліксіз. Мұғалімнің ізденісі, байқағыштығы, шәкіртпен тіл табыса білуі маңызды. Клара апайдың сабақтарында табиғатқа деген қызығушылық пен ғылыми ізденіске деген құштарлық қатар қалыптасты. Өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігін, адам ағзасының ерекшеліктерін түсіндіре отырып, шәкірттерін табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға баулыды.
Ардагер ұстаздың ең үлкен еңбегі – шәкіртінің жетістігі. Жылдар өте келе ұстаз алдынан білім алған шәкірттер түрлі мамандық иесі болып, ел игілігіне қызмет етеді. Олардың әрқайсысының жүрегінде алғашқы білім берген, өмір жолына бағыт көрсеткен ұстазына деген алғыс сезімі сақталады. Бұл – мұғалім еңбегінің өлшеусіз бағасы.
Клара апайдың ұстаздық жолы – кейінгі буын мұғалімдерге де үлгі. Ұстаздың тәжірибесі, сабырлы мінезі, жауапкершілігі мен шәкіртке деген жанашырлығы жас мамандар үшін үлкен мектеп. Ардагер ұстаздың ақыл-кеңесін тыңдау – өткен тәжірибені бағалап, болашаққа сенімді қадам жасау деген сөз.
Ұстазға құрмет – оның еңбегін бағалаудан, өнегесін жалғастырудан басталады. Ардагер ұстаздарды ардақтау – мектеп тарихын, ұстаздық дәстүрді және білімге деген құрметті дәріптеу.
Клара апайдай ұлағатты ұстаздардың еңбегі ұмытылмай, шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақтала бермек.
Ұстаздық жол – із қалдыратын жол. Ал сол жолда талай шәкіртке білім мен тәрбие берген ардагер ұстаздарға құрмет көрсету – баршамыздың парызымыз. Клара апайға зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегінің жемісін көріп, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөлене беруін тілейміз. Ұлағатты ұстаздың өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа шамшырақ болғай!
Зулпия КЕНЖЕБЕКОВА,
М. Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің биология пәні мұғалімі.
