Жалпы, мұғалімнің мақсаты – тек көп кітап оқитын оқушы тәрбиелеу емес. Оқығанын түсінетін, талдайтын, өз ойын дәлелдей алатын, білімге құштар, рухани дүниесі бай тұлға қалыптастыру.

Кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Ол адамға жаңа дүниелерді танытып қана қоймай, ойлануға, сұрақ қоюға, ізденуге жетелейді. Сондықтан жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – оның жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.
Әр отбасында кітап оқуға уақыт бөлініп, әр мектепте кітап оқу мәдениеті қалыптасса, білімге құштар, ойы еркін, рухы биік ұрпақ тәрбиеленері сөзсіз. Кітап оқуға міндетті түрде бірнеше сағат бөлу шарт емес. Күн сайын 15-20 минут кітап оқуды әдетке айналдырудың өзі жақсы бастама. Ең бастысы – тұрақтылық пен оқыған шығарманың мазмұнын түсіну. Ұстаз ретінде біз оқушыға «кітап оқы» деп қана айтпай, оның кітаптан қызығушылық табуына жағдай жасауымыз қажет. Мұғалім өзі оқыған қызықты шығармаларды ұсынып, оқушылармен пікір алмасса, бала үшін бұл жақсы үлгі болады. Балалар оқыған шығармалары туралы достарына айтып, қызықты тұстарымен бөліскен кезде кітап оқу ортақ қызығушылыққа айналады.
Кітап оқитын бала – ізденетін бала. Ізденетін бала – ойлайтын тұлға. Ал ойлайтын, білімді ұрпақ – ел болашағының берік негізі.
Назира БИТАНОВА,
М. Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің Биология пәні мұғалімі.
