Тіл – ұлт руханиятының алтын діңгегі

Жетісай ауданының білім бөлімі ұйымдастырған 2026 жылдың 4–17 қыркүйегі аралығындағы тілдер апталығы аясында аудан мектептерінде ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, көптілділікті дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді.

«Тіл – халықтың ұлттық руханиятына бастайтын алтын көпір» деген тағылымды тақырып аясында ұйымдастырылған шаралар жас ұрпақтың тілге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін баға жетпес мұра.

Апталық барысында оқушылар түрлі танымдық, шығармашылық және зияткерлік сайыстарға белсене қатысты. Әсіресе, №44 жалпы білім беретін мектепте тіл мерекесіне арналған тағылымды шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мектептің биылғы 6–7-сынып оқушылары арасында «My first project» және «Болашақ» тақырыбындағы әртүрлі жобалар ұйымдастырылып, оқушылар өз білімдері мен ізденістерін ортаға салды.

Жобалар барысында оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудегі жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізуге, ізденуге, шығармашылықпен жұмыс жасауға талпынды. Бұл жұмыстар оқушылардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырып, олардың бойында өзге тілге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

Тілдер апталығы – оқушылар үшін білімдерін сынайтын ғана емес, тіл арқылы халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтатын маңызды рухани мереке болды. Себебі бірнеше тіл білу – әлемді кеңінен тануға жол ашса, өз ана тіліңді құрметтеу – өз ұлтыңды, тарихыңды және ұлттық болмысыңды құрметтеу.

Осындай мазмұнды шаралар жас ұрпақтың бойына тілге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, «Тілі мықты елдің – рухы мықты» деген ұстанымды қалыптастыра берері сөзсіз. Тіл – ұлттың жаны. Сондықтан оны дәріптеу, дамыту және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 Гульнар ХАЛЕНОВА,

№44 “Жаңа дала” жалпы білім беретін мектебі.