1992 жылы маусымның 4-і — еліміздің шежіресінде алтын әріптермен жазылған күн. Дәл осы күні егемен еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Олар жай ғана сурет немесе белгі емес, олардың бойында бабалардың аңсаған арманы, азаттық жолындағы күресі және бейбіт күннің тынысы таңбаланды. Атап айтсақ: Көк Ту – ашық аспан мен бейбітшіліктің белгісі. Ортасындағы алтын күн — байлық пен тыныштықтың, ал қанатын жайған қыран құс — еркіндік пен асқақтықтың символы. Тудың сабына нақышталған ұлттық өрнек мәдениетіміздің тереңдігін көрсетеді.
Елтаңба – шыңыраудан шыққан шаңырақ — ортақ үйіміздің, ал уықтар — бірлігіміздің бейнесі. Тұлпарлардың қанаты мен маңдайындағы бес бұрышты жұлдыз біздің жарқын болашаққа деген бағытымызды нұсқайды.
Әнұран: жігер беретін, рухты оятатын басты әніміз. Әнұран шырқалғанда орнынан тұрмайтын, оң қолын жүрегіне қоймайтын қазақстандық жоқ. Бұл — Отанға деген шексіз махаббаттың көрінісі.
Рәміздер — елдіктің тәрбие құралы. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет — өз еліңе, тарихыңа және болашағыңа деген құрмет. Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда рәміздердің орны ерекше.
«Өз туын, өз елтаңбасын, өз әнұранын қадірлей білмеген халықты ешкім де сыйламайды» — деп ел ағалары айтқандай, рәміздерді қастерлеу — әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Бүгінде Қазақстанның Көк байрағы БҰҰ ғимаратының алдында желбіреп, әлемдік спорт ареналарында отандастарымыз жеңіске жеткенде көкке көтеріліп жүр. Мұндай сәттерде әрбір азаматтың жүрегі ерекше мақтанышпен соғатыны сөзсіз.
Серік МАМЫТОВ,
Жетісай ауданының әкімі.
