ЖАРАТУШЫ АЛЛАҒА шүбә келтірмеу керек

Он сегіз мың ғаламның иесі Жаратушы Аллаға шексіз мақтаулар мен мадақтар, Оның елшісі Мұхаммедке сансыз салауаттар мен сәлемдер болсын. Адамды жақсылыққа жетелеп, жамандықтан тыятын көркем қасиеттердің бірі ол – тақуалық. Алладан және қиямет күнінен қорқу мұсылман өмірінде маңызды рөл ойнайды. Бұл сезім Хақ тағаланың бұйрықтарына мойынсұнып, ізгілік жасауға ұмтылдырады. Алла тағала құлын өз құзырында жоғары мәртебеге жеткізуде қорқыныш пен үрейді қамшы ретінде қолданған. Бұл қамшы жай қамшы емес. Ол анасының баласына ұрысқанындай, баланы анасының мейірім толы құшағына тартқанындай пендені иләһи рақымдылықтың кеңдігіне тартады. Қорқыныштың адам баласына беретін пайдалары жайлы көптеген аяттар бар. Осы қасиет арқылы, жаннаттық дәрежелерге қол жеткізетіндіктерін, оларға тура жол, рақымдылық, білім мен разылықтың бар екеніне назар аудартады. «Ағраф» сүресінің 154-аятында: «Раббыларынан қорыққандарға тура жол мен рақымдылық бар»,- делінсе, «Бәйнә» сүресінің 8-аятында: «Алла олардан разы, олар да Алладан разы болды. Міне, осы сый-сияпат Алладан қорыққандар үшін»,-деу арқылы қорқудың пайдаларын көрсетеді. Ал «Хужурат» сүресінің 13-аятында болса: «Алла тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың»,– делінеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Сүттің өзі шыққан желінге қайта кірмейтіні сияқты, Алладан қорқып жылаған көз де жаһаннамды көрмейді. Алла жолында жиһад жасағандардың мұрындарына кірген тозаң мен жаһаннамның түтіні бір жерде болмайды», – деген.
Қиямет күні Алла тағаланың аршының көлеңкесін паналайтын жеті топ жайлы көпшілікке мәлім хадисте осы топқа кіретіндердің бірі – Алладан қорқып көз жасын төккендер екені айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.с) Ибн Мәсғудқа (р.а) айтқан бір өсиетінде: «Егер маған қауышуды қаласаң, менен кейін қорқуды көбейт», –дейді.
Қорқыныш адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды. Ішінде у бар екенін білген адам балдан қалай тыжырына бет бұрса, жүрегін қорқыныш билеген адам да ар-ұят әдебінен аспай, нәпсінің жамандықты қалауынан жиреніп тұрады. Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер, жамандықтан тый­маса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш қана – нағыз қорқыныш.
Жаратқан Иеміздің адам бойына берген қасиеттердің бәрінің екі қыры болады. Егер, ол қасиеттерді дұрыс қолданса ол адамға абырой әкеледі. Егер жаман жолға пайдаланса масқара етеді. Бала-шаға, дүние-мүлік, денсаулық, дос-жаран секілді дүниелік нәрселерді жоғалтып алу мәселелері адам бойында қорқыныш тудырады. Алайда, бұл адам бойындағы қорқыныш сезімі оның күнделікті тұрмыстағы өмір сүруіне кедергі келтіріп, бір нәрседен қорқа беретін болса әрине, бұл табиғи қорқыныш емес. Мұндай адамдар салиқалы ойлау қабілетін жоғалтып алып, әрдайым уайым-қайғы, қорқыныш-үреймен өмір сүреді. Өмірге оң көзбен қарай алмайды. Әрине, бұл имандыларға дұшпан болғандар үшін оларды хақтан тайдыру мақсатында таптырмас құрал.
Дана халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – дейді. Құдайдан қорықпаған адамнан неге қорқу керек? Құдайдан қорыққан соң, өзгеден қорқып не керек? Демек, «Құдайдан қорқу» мен «адамнан қорқу» деген нәрсе екі түрлі мәселе болса керек. «Құдайдан қорқу» басқа қорқулардан өзгешерек.
Әбулқасым Хаким: «Бір нәрседен қорыққан адам сол қорыққан нәрсесінен қашады, ал Азиз және Жәлил болған Алладан қорыққан жан, Оған қарай қашады», – дейді. Яғни, Аллаға қарай бет алып, Оны паналап, Оған сыйынады.
Құранды аударып, оған түсініктеме беретіндер Құрандағы «тақуалық» сөзінің орнына көбіне балама ретінде «қорқу» сөзін қолданады. Себебі, Алладан қорқу – тақуалықты тудырады. Демек, Құдайдан қорқу біз білетін қорқыныштардан өзгеше. Құдайдан қорқу «тақуа болу» дегенге келсе, адамнан қорқу «сақтану», «аулақ жүру», «маңайламау» дегенге саяды. Яғни, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегеніміз – «тақуалығы жоқты дос тұтпа»,- дегенге келсе керек. Сол үшін қазақ: «Қорық Құдайдан, қайт райдан!» – деп Құдайдан безген жанды тақуалыққа шақырады.
Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі Ержан қажы Малғажыұлы: «Құдайдан қорықпағаннан қорық»,- дейді халық даналығы. Тегінде, тақуа­лық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пен­дені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар ал­дымен Құдайдан қорқуға шақырған»,- деп бұл қасиетті сипаттап берген.
Қорыта келе, әрбір адам жүректегі ізгілік қасиетін өрбітіп, тақуалық сипатын арттыра білуі тиіс. Құдайдан қорқу сипатын жүрекке сіңдірген әрбір адам жақсы мен жаманның, ақ пен қараның аражігін ажыратып, өзіне пайдалы болған істі атқаратын болады.
А.НУРМАТОВ,
Жетісай қаласы «Нұр-Жетісай» мешітінің имамы, «Дін мен дәстүр» бағытына Жетісай ауданы бойынша жауапты жетекшісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған