МАҚТА – АУДАНЫМЫЗДЫҢ ТАРИХЫ

Егістік алқапты жылдан жылға әртараптандырып келеміз дегенімізбен 100 жылдан астам тарихы бар мақтаның әлі де шаруалар үшін маңызы зор. Оған себеп те жоқ емес. Мырзашөл деп аталатын бұл өңірде жердің соры бетінде жататынын, жер асты суының жер бетіне жақын екенін жетісайлық балаларымыз белі бесіктен шыға бастағаннан-ақ сезе де, біле бастайды. Ал жерді мың жерден әртараптандырғанымызбен сор-тұз басқа дақылдың кеңінен етек алуына мұрша бермейді. Ағын суымыз тапшы болғандықтан өзге суды көп қажет ететін дақылдарды егу диқандар үшін тиімсіз. Жетісайдың жері тек мақтаға арналғандай. Мақта жаздың күні бір рет қана суарылады. Екі рет су ішсе тіптен керемет болар еді, өкінішке орай бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сол үшін де жерді әртараптандырып, мақта өндіру саласын қолданыстан шығарамыз деген үлкен қателік.
Ал енді не істеу керек? Көктемде шитті жерге шаштым, күзде барып теріп ала саламын дегенге көнбейтінін жүйек ішін­де өскен әрбір жетісайлықтар жақсы біледі. Әлемде мақта әлі де жоғары сұранысқа ие. Мұны жергілікті мақта зауыт иелері мың жерден түрлендіріп жеткізгенімен қазіргі халықтың көзі ашық, дүние жаңалығынан хабары бар. Жыл сайын аудандағы 80 мың гектар егістік алқап­тың 65 пайызына жуық жерге мақта да­қылы егіледі. Өндірілген мақта талшығы шет мемлекеттерге экспортталады. Ал, осы стратегиялық маңызы бар мақта дақылын өндіруші шаруалар жыл сайын пайда табудың орнына шығынға батуда. Себебі, шығын көлемі жылдан жылға артуда. Мақта егуден бастап жинап алғанға дейінгі барлық агротехникалық шараларды жүргізуге қажетті шығындар шарықтап тұр. Солардың ішінде жанар-жағар май, ағын су бағасы минералды тыңайтқыштар, зиянкестерден қорғау құралдары, жұмысшылар ақысының өскені соншалық мақта екпек түгілі егістіктің басына барғың келмейді.
Сол үшін де мемлекет тарапынан шаруалар өндірген мақта дақылының өніміне субсидия беруді қарастыру керек. Яғни, мақта өңдеу зауыттарына тапсырылған өнімге немесе мақта қабылдау ұйымдарына өткізілген өнімді субсидиялауды ұсынамын.
Екінші мәселе, шаруалардың мем­лекет тарапынан берілетін жеңілдік­тер­ді алу үшін «Qoldau.kz» электронды базасына төленетін төлемақы, жыл сайын АЕК өсуіне байланысты төлем ақы да өсуде. Айталық, шаруада 6 гектар болса 3 АЕК, яғни 9189 теңге. Ал 7 гек­тар болса 10 АЕК. Ол дегеніңіз 30630 теңге болады екен. Бұл дегеніміз барлық шаруаларға оңай түсіп жатқан жоқ. Сол себепті электронды базаға төленетін төлемақыны алып тастауды сұраймыз.
Ағын судың мәселесі жетісайлық ди­қандар үшін әуел бастан-ақ қиын болатын. Екі жылдан бері тіпті шаршатуда. Ағын су Қырғыстан мемлекетінде орналасқан Тоқтағұл су қоймасынан Тәжік­стан мен Өзбекстан арқылы жеткізіледі. Мемлекеттен мемлекетке өтіп келетін су біздің сұранысымызды, қажеттілігімізді өтей алмауда. Осы орайда Су ресурстар комитетіне және облыс басшыларына айтып, Шардара су қоймасынан ма­шиналық әдіспен келетін суды қостырамыз. Судың жетіспеушілігі аздай, жылда бағасы қымбаттап бүйректен қысуда. Былтыр жылдың басынан 1000м/куб ағын судың бағасы 421,12 теңге болса, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 23.04.2021 жылғы №41 бұйрығына сәйкес 2021 жылдың 1 мамырынан бастап ағын судың бағасын екі есеге көтерді. Ол аздай мамырда 739,2 теңгеге көтерілген бағаны тамыз айында 787,36 тең­геге тағы да көтеріп жығылғандарға жұ­дырық болуда. Жетісайлық диқандардың атынан сұрайтыным-ағын судың бағасын қайтадан 421,12 теңгеге түсіру қажет.
Жердің соры бетінде жатқан Жеті­сайда минералды тыңайтқышсыз ештеңе де өндіре алмаймыз. Солай бола тұра жыл сайын мұны да қымбаттата беруді әдетке айналдырды. Сонымен қатар шаруалардың қалтасынан төленетін НДС және Сарыағаш ау­данына дейінгі тасымалдау құны шарықтауда. Біздің талабымыз – аммиак селитрасының 1 тоннасы 73000 теңге, аммофос 1 тоннасы 125000 теңге, яғни былтырғы баға бойынша қалдырылсын.
Дақылдарды субсидиялау жөнінде -1 тонна мақта өніміне-24000 теңгеден берілуі қажет.
Міне, осы жоғарыда аталған мәселелерді шешу бойынша қаңтар айында облыс әкімі Ө.Шөкеевке, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев, ҚР Премьер-министрі Ә.Смайлов пен ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа хат жолдадым. Нәтижесінде «Qoldau.kz» электронды базасына төленетін төлемақы 2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап қолданыстан алынып тасталынатын болды. Ал, қалған мәселелерді мемлекет басындағылар талқылап, дұрыс шешім қабылдайды деген үміттемін.
Құрметті, жетісайлықтар! Құдай әрбір ісімізді қолдап, мақтамыз бітік шығып, жиын-терім науқанын берекесімен берсін деймін.
Набаткүл БАЙТАНАЕВА,
аудандық «Іскер әйелдер» қоғамдық ұйымының төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған