МАҚТА ЖӘНЕ ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішовтың төрағалығымен мақта шаруашылығы мен көктемгі егіс жұмыстарының ұйымдастырылу барысын пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізілді.

Басты мақсат – мақта және егін шаруашылығы бойынша өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету және диқандар мен шаруаларға мемлекеттен тиісті көмектерді кедергісіз алуларына атсалысу.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлы, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының әкімдері мен мәслихат төрағалары және осы аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдері мен «Казсушар» РМК облыстық және аудандық мекемелерінің басшылары, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының және «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, мақта және егін шаруашылығындағы қордаланған өзекті мәселелерді талқылау, ағын су мәселесі мен микроқаржының берілуі туралы мәселелер талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ә.Плалов, «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының директоры Қ.Бедебаев, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Б.Әбілдабек, «Ырыс» микроқаржы ұйымының» басқарма төрағасы М.Мыңбаев баяндама жасады.

Баяндамашылар көктемгі егіс жұмыстары, ағын су және мақта шараушылығына қатысты шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен оны алу тетіктеріне тоқталып, түсіндіріп өтті.

Атап айтқанда, Ә.Плалов 2024 жылға минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, оған 82 мың тоннадан астам тыңайқыштарды субсидиялау жоспарланғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен 60 мың тоннаға меморандум түзіліп, дала жұмыстары басталғанға дейін облысқа 25,0 мың тонна тыңайтқыш жеткізілетіндігін хабарлады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдан бастап жеңілдетілген жанар-жағар майдың көлемін қалыптастыру Gosagro.kz порталы арқылы жүргізілетіндігін, бүгінгі күнге көктемгі дала жұмыстарына 6 746 агроқұрылымнан 21,8 мың тоннаға өтінім түскендігін айтты.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд. теңге несие бөлу жоспарланған. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасымен 10,0 млрд. теңге, тікелей зауыттарға 2,5 млрд. теңге және несие серіктестіктері арқылы 868,0 млн. теңге бөлінетін болады. Нәтижесінде, 68,0 мың гектар алқапқа дала жұмыстары қаржыландырылады. Бүгінгі күнге 1,2 млрд. теңге өтінім мақұлданып, 978,8 млн. теңге қаржыландырылған.

Одан бөлек, «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының директоры Қ.Бедебаев ағын сумен қамтамасыз ету және сор шаю жұмыстарына тоқталды.

Оның айтуынша,   Жетісай ауданы бойынша қысқы сордан шаюға жоспарланған 54 520 га жердің, қазіргі таңда 14 904 (26%) га жер сордан шайылған. Ал, Мақтаарал ауданы бойынша қысқы сордан шаю жоспарланған 47 439 га жердің, бүгінде 18 104 (38%) га сордан шайылған. Осы аудандар бойынша сор шаю жұмыстарын наурыз айында аяқтау жоспарланған.

Жиында аудан әкімдері баяндамашыларға өз сұрақтарын қойып, шаруаларға берілетін жанар-жағармайды айларға бөлу жұмыстарын тиімді жоспарлауды ұсынды.       

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов аудан әкімдері мен мәслихат төрағаларына баяндамашылар атап өткен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер туралы шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, осы айтылған мәселелер бойынша депутаттардың ауыл округтері мен елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруалардың тиісті қолдауларды өз деңгейінде, кедергісіз алуларына көмек көрсетуді ұсынды.

Өйткені, былтыр шаруалар мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді білмегендіктен, түрлі топтардың артынан еріп, наразылықтарын көрсеткен болатын.

Жалпы, жиында қаралған барлық мәселелер назарға алы­нып, айтылған ұсыныстардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған